Семейлік шәкірт Гонконгқа оқуға түсті

19 ақпан 2024 19:32

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Саида Нұрлан Линнань (Lingnan University) университетінің толық грантына ие болды. Университет тарапынан сұралған құжаттарды өткізіп, талаптарды толық орындаған жас зияткерді қуантқан жаңалық жуырда ғана келген. – Маған көпшілікпен жұмыс жасаған ұнайды. Соның ішінде адамдар психологиясын зерттеу менің қызықты тақырыбым. Осыдан екі жыл бұрын пән мұғалімімен бірлесе отырып, жоғары сынып оқушыларының ағылшын тілін үйренуге қабілеті жайында ғылыми зерттеу жобасымен айналыстым. Болашақта осы салада білім алып, еңбек етуді жоспарлап жүрмін, – дейді Саида Нұрлан. Атап өтерлігі, шәкіртіміз гонконгтық университеттен бөлек, отандық және американдық жоғары оқу орындарына құжат тапсырған. «Алайда таңдау Линнаньға түсті. Оған университеттің ұстанымы мен мектебімізді тәмамдап сонда білім алып жатқан семейлік студент достарымның әсері мол болды», -дейді Саида өз сөзінде.