Өңір ұстаздары жаңа пікірсайыс технологияларын үйренуде

11 қыркүйек 2024 16:00

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ базасында «Дүниежүзілік мектеп пікірсайыс форматы контекстінде пікірсайыс клубтарын ұйымдастырудың жаңа әдістері» атты облыстық семинар өтті. Жиынға өңіріміздегі Көкпекті, Ақсуат, Жаңасемей, Аягөз аудандарындағы және  облыс орталығындағы бірқатар мектеп ұстаздары  қатысты.

Оқыту жұмыстарын NIS Семей дебат клубының жетекшілері Асель Дуйсенбаева мен Данияр Кемешев, Семей қаласы №16 Төлеубай Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Асель Токчараева өткізді. Айта кететін жайт, ұстаздарымыз тамыз айында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен «OzgerTeam» қоры ұйымдастырған республикалық тренингте білімдерін тереңдеткен болатын.

Семинар барысында шешендік өнердің даму қағидаларына, әлемдік пікірсайыс чемпионаттарында пайдаланылатын жаңа формат пен клуб құрудағы қиындықтар талқыланды.

Сондай-ақ, қатысушылар үшін тақырыптық талдау, кейістерді әзірлеу мен білім бәйгесінің негізгі ережелерін бекіту мақсатында практикалық жаттығулар мен түрлі практикумдар ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шаралар мұғалімдердің көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға, тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік болды.

Алдағы уақытта әр қатысушы жаңа форматтағы пікірсайыс алаңдарын құрып, дебат қозғалысын дамытуға өз үлестерін қосады деп сенеміз.