banner

Мектеп тарихы

  • /
  • Мектеп тарихы

МЕКТЕП ТАРИХЫ

Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2021 жылдың 26 қарашасында салтанатты түрде ашылды. Мектеп лентасын Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Мамин Асқар Ұзақбайұлы мен Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Арипов Абдулла Нигматовичтің қиғаны елеулі оқиға болды. Рәсімнен соң екі оқушы Үкімет басшыларына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің шарфын тағып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» атты кітапты сыйға тартты.

23 мың шаршы метр аумақты алып жатқан мектеп ғимаратын «BI Group» құрылыс холдингі тұрғызды. Онда 120 балаға арналған жатақхана, 360 орындық асхана, 250 метр шаршы метрді алатын кітапхана және үлкен спорт кешені мен мәжіліс залы бар.

Спорттық үйірмелер мен дене шынықтыру сабақтарын жүргізу үшін үлкен және кіші спорт залы, тренажерлық жаттығу залы, футбол, баскетбол, волейбол ойын алаңдары бар. Келешекте бұл алаңдарда әр түрлі спорттық жарыстар мен конкурстар, қалалық біріншіліктер өткізу жоспарлануда.

Кітапхана қорында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 15 мыңға жуық кітап бар. Кітапхана оқушылардың жеке, топтық жұмыс жасауына, түрлі белсенді зияткерлік шаралар ұйымдастыруына, зерттеу жұмыстарымен айналысуына ыңғайлы төрт зонаға бөлінген.

Мектеп 720 оқушыға арналып салынған. Дегенмен 7-8-9 сыныптарға қабылданған жалпы оқушы саны 360. Олар жаңа мектептегі академиялық сабақтарын қарашаның 29-жұлдызынан бастады. Бұл білім ордасының өзіндік ерекшеліктері бар.

Біріншіден, мұнда NIS Online, NIS Lab, Online Mektep платформаларына қосылған ақпараттық сандық білім беру орталығы бар. Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл платформалар оқушыларға білімі мен дағдыларын, уақыт пен орынға байланбай, практикалық тұрғыдан қолдануға жағдай жасайды.

Екінші ерекшелгі, мектепте қазақ тіліне, әдебиеті мен өнеріне ерекше көңіл аударылған. «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының қолдауымен жабдықталған «Тіл-қазына» кешені осы миссияны орындауға көп септігін тигізеді деп күтілуде. Кешен 3 кабинеттен тұрады. Олар, классикалық кабинет, кино-аудио зал және қазақ халық шығармашылығына арналған қазақ фольклоры кабинеттері. Мұнда жас зияткерлер қазақ жазушылары мен ақындарының, алаш қайраткерлерінің таспадағы шынайы дауысын тыңдап, қазақ киносының алтын қорындағы фильмдерді тамашалай алады.

Мектеп жаһандық проблемаларды шешуге де ден қойып отыр. Әсіресе Түркістан облысының агро өнеркәсіп саласына тың жаңалық әкелуді мақсат етеді. Бұл мақсатты іске асыру үшін арнайы жабдықталған агро зертхана мектеп қабырғасында орналасқан. Оқушылар зертханада топырақ анализі көмегімен өсімдіктердің қалыпты өсуі мен дамуы үшін топырақтағы қоректік заттардың мөлшерін анықтайды. Заманауи спектрофотометрлер, спектрометрлер, бейне окулярлары бар микроскоптар, термиялық центрифуга және т.б. құралдардың көмегімен түрлі тәжірибелер жасай алады.

Үшінші, ерекше көзге түсетін орындар, бұл - коворкинг зоналары. Ол - оқушылардың оқи отырып демалуға, демала отырып тұлғалық дамуға арналған ыңғайлы заманауи орындар.

Оқу бағдарламасынан тыс заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған телестудия, STEM, инжиниринг, робототехника, саз өнері мен хореграфия кабинеттері оқушылардың тұлғалық дамуына әсер етсе, өз жұмысын бастаған ТЕДх, Қазақша Уикипедия, Даналық бейсенбі, NIS Fm Radio, «100 кітап», «Қазақтың 100 күйі», «Қазақтың 100 әні» жобалары балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдайды.