«KiVa»: КУРАТОРЛАР ЖӘНЕ ПСИХОЛОГТЕРМЕН ЖҰМЫС НАҚТЫЛАНДЫ

26 тамыз 2024 16:28

Мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторларына және психолог мамандарына «KiVa» бағдарламасы тереңінен түсіндірілді. Буллингіге қарсы құрылған бағдарлама негізінде алдағы оқу жылы алуан жұмыстар реті ұйымдастырылмақ.

Орал қаласы NIS атынан аталған бағдарламаны меңгеріп, тренер атанып келген педагогтер, алдымен, басты мақсатты айқындап берді. «KiVa»-ның маңызы, жүзеге асу процесі және оқушыларға әсері жөнінде таныстырылым жасады. Сонымен қоса тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді. Ендігі кезекте буллингіге қарсы бағдарлама бойынша сабақтар өткізіліп, кураторлар мен психологтер қауымы «KiVa» бағдарламасы бойынша куратор сағаттарын өткізеді, сонымен қатар насихат жұмыстарына атсалысады.

Айта кетейік, бағдарлама балалардың психологиялық саулығы мен қауіпсіздігін мақсат етеді. Финляндияның Білім және мәдениет министрлігінің қаржыландыруымен Турку Университетінде жасалған бағдарлама туралы бұған дейін мектеп ұжымы мен тірек мектеп мұғалімдеріне айтылған болатын.