Мектеп тарихы
МЕКТЕП ТАРИХЫ
ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА БАҒЫТЫНДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ, Орал қаласындағы орта білім беру ұйымы. ҚР Тұңғыш Президенті Н.А. Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланып, 2012 жылдың 1 қазанынан қызметін бастады. Қысқаша атауы – Орал қ-сы ФМБ НЗМ. Батыс Қазақстан облысының орт-да орналасқан. Мектеп 2018 жылдың мамырында халықаралық мектептер кеңесінің (CIS, Нидерланды) аккредитациясынан өтіп, өзінің ұйым анықтаған стандарттарға сәйкестігін дәлелдеді. Сонымен қатар білім ошағы – «UNESCO» Клубының мүшесі.
Мат.-техн. базасы:
Орал қ-ғы ФМБ НЗМ 600 орынға есептелген. Мектеп ғимараты 17 бөлек блоктан тұрады, оның 54-і оқу кабинеттері (24 оқушыға негізделген 19 кабинет, 12 оқушыға негізделген 35 кабинет). Нано, биотехнология лабораториялары, математика, физика, химия, биология, робототехника, жеке сабақтар мен психологиялық сергіту кабинеттері, гүлзар, жылыжай бар. Кітапхана мектеп ғимаратының 1-қабатында орналасқан және 60 орындық оқу залы, 41 мың дана кітап сақтау орны, каталогпен жұмыс аймағы, кітаптарды ұсыну және қабылдау аймағы ретінде жасалған. Оқырмандар EBSCO деректер қоры мен барлық ақпараттық ресурстарға ақысыз қол жеткізе алады («Twig-Bilim», «BilimLand» және т.б.). 350 орындық әмбебап акт залды дәріс және хореографиялық зал ретінде пайдалануға болады. Мектептің 129 орынға арналған үш қабатты жатақханасы – НЗМ жүйесінде тұңғыш ашылған жатақхана.
Оқытушылар құрамы:
Педагогикалық ұжым білім беру саласында жүктелген жауапкершілікті сезініп, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға қызмет етуде. Мектепте 124 жергілікті ұстаз қызмет етеді. Оның ішінде мұғалім-сарапшылар, модераторлар, сертификатталған тренерлер, оқулық авторлары, бағдарлама құрастырушылары, педагогикалық ғылымдар магистрлері және ғалымдар бар. Мектепте 4 шетелдік маман бар. Барлық оқытушылар өз саласының білікті мамандары, сондай-ақ әртүрлі халықаралық сертификаттардың иегерлері. Шетелдік мұғалімдер сонымен қатар пәндік глоссарийлерді әзірлеуге қатысады, заманауи веб-сайттарға пайдалы сілтемелерді дайындайды, қалалық мектептердің оқытушылары мен оқушыларымен кездесіп, тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізуге көмектеседі.
Орта білім берудің жаңартылған мазмұндағы бағдарламасы және НЗМ тәжірибесін тарату мақсатында мектеп педагогтары жүйелік-әдістемелік кешен (www.smk.edu.kz) үшін 3000-нан аса материал дайындады. Сонымен қатар мұғалімдер 80-нен астам мұғалім әдістемелік жинақ, 100-ден аса ғылыми мақалалардың авторлары.
2014-2021 жылдар аралығында мектепті 700-ге жуық түлек аяқтады, олардың 80%-ы инженерлік-техникалық мамандық, 15 %-ы медицина, ал қалған 5 %-ы гуманитарлық сала мен өнер бағытын таңдады. Қазір алғашқылары өз мамандықтары бойынша отандық және шетелдік компаниялар, өндіріс орындары, түрлі мекемелерде жұмыс істеуде. Кәсіби бағдар беру жұмысы бойынша кеңесшісінің зерттеуіне сәйкес, 131 түлек шетелдік жоғары оқу орындарының студенті атанса, 149 зияткер Назарбаев Университетіне түскен. Ал 409 зияткер отандық білім беру ордаларында білім алуда.
2018-2019 оқу жылында SAT халықаралық емтиханынан 12-сынып оқушыларының орташа ұпайы 1415 баллды құрады. Ағылшын тілінен халықаралық IELTS емтиханы көрсеткішінің де өсу деңгейі байқалады. 2022-2023 оқу жылы орташа ұпай 7.1 баллды құрады.
2012 жылдың 12 мамыры күні Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласында салынып жатқан физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды.
Халықаралық және жергілікті серіктестік:
Мектеп Татарстан Республикасындағы №2 лицей-интернаты, жалпы білім беретін Н. И. Лобачевский атындағы мектеп-интернаты, Нұр-Сұлтан қаласындағы №67 мектеп-гимназиясы, Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған бес мектеп («Бестік одақ» меморандумы), облыстық білім басқармасымен ынтымақтаса қызмет етеді. Облыс көлемінде түрлі дәрежедегі семинар, конференцияларды ұйымдастыруға әдістемелік қолдау көрсетеді. Тәжірибе тарату бағыттары: облыс мұғалімдері, кітапханашылары, психологтары, кураторлары мен тәрбиешілеріне арналған семинарлар, Педагогикалық шеберлік орталығы мен «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы курстарының тыңдаушыларына бағытталған шеберлік сабақтары мен ашық сабақтар. Қазақстан Республикасының «30 пилоттық мектеп» бағдарламасы аясында Орал қаласындағы М. Ықсанов атындағы №36 ЖОББМ мен Теректі ауданы, Шаған орта мектебіне тәлімгерлік етті. Сонымен қатар білім ошағы бірқатар мемлекеттік, мемлекеттік емес және әлеуметтік мекемелермен серіктестік туралы меморандум аясында жұмыс жасайды.
Оқу-тәрбие үдерісі:
Зияткерлерді жаңадан қабылданған сәтінен бастап олимпиадалар мен конкурстарға дайындау, оларға жоғары сыныптарда мамандық таңдауда қолдау көрсетуге бағытталған «7-сынып оқушыларын дамытудың жеке траекториясы» арнайы жобасы сәтті жүзеге асуда.
Білім ұясы үш жыл қатарынан Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы желілік олимпиадада гуманитарлық бағыт бойынша «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атағын иемденді. Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушылары – халықаралық, республикалық, облыстық білім байқауларының, желілік фестивальдердің жеңімпаздары, өздерінің ғылымы жұмыстары мен жобаларын түрлі халықаралық байқауларға ұсынып, сәтті қорғауда. Мектеп оқушысы Азиз Талапов «Тұтынушылардың аялдамаларда үздіксіз электр қуатын пайдалану жүйесі» жобасына патент алды.
Мектептегі табысты салалардың бірі саналатын робототехника үйірмесі 2013 жылы өз жұмысын бастады. Бүкіләлемдік робот олимпиадасына оралдық робототехниктердің қатысуы команданың жетістігін нығайтты және 2014 жылдан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ WRO ұлттық үйлестірушісі атануға мүмкіндік берді. Оған қоса робот техникасынан желілік олимпиада НЗМ жүйесінде алғаш рет осы мектепте ұйымдастырылды. Оқушылар Қазақстан құрамасымен бірге Ресей, Катар, Индия, Коста-Рика, Тайланд, Венгрия елдеріндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алды. 2019 жылы Павлодарда өткен ұлттық чемпионатта жалпыкомандалық есепте жүлдені ең көп алған команда ретінде WRO ауыспалы кубогының иегері атанды.
Шәкірттердің бойына мектептің жауапкершілік, құрмет, өмір бойы оқу, ынтымақтастық, ашықтық, мақсат қою, жайлылық секілді құндылықтарын терең сіңіру мақсатында табысты тәрбие жобалары жүзеге асып келеді. Тәрбие берудің заманауи тетігі болып саналатын бұл жобаларға мектеп қауымдастығы түгелдей үлес қосады. Солардың бірі – «Қоғамға қызмет ету» жобасы. Жоба аясында шаңырақ оқушылары тоғыз әлеуметтік мекеме тәрбиеленушілерімен бірлесе жұмыс атқарады. Жоба аясында жатақхана оқушылары облыстық көру қабілеті бұзылған және нашар көретін балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатындағы достары үшін аудиошығармаларды дыбыстандырып, тактильді кітаптарды табыстады.
2012 жылы мектеп оқушыларынан құрылған «Ғажайып» би ансамблі – халықаралық «Созвездие Вены» конкурсының екі дүркін лауреаты (Австрия), халықаралық «Қазақстан таланттары» конкурсының екі мәрте бас жүлде иегерлері (Алматы), би жанры бойынша бірнеше мәрте республикалық конкурстардың лауреаттары. Сондай-ақ 7-сыныптың оқушыларына жыл бойына домбыра сабағына қатысу міндеттелген.
Көзеші өнері үйірмесі қосымша білім беру бағытында жұмыс жасайды. Үйірменің мақсаты – ата-бабамыздан қалған қыштан бұйым жасау өнеріне жас ұрпақты баулу.Үйірме қатысушыларының жұмыстары облыстық, республикалық деңгейдегі көрмелерге қойылды. Бұл үйірмеге әр апта сайын облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекеме тәрбиеленушілері келіп қатысады.
Спорт жетістіктері:
Спорт бағытында мектепте баскетбол, волейбол, футбол, қазақша күрес, грек-рим күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, асық, фитнес үйірмелері жұмыс істейді. 2020 жылдан бастап қазақ күресін насихаттау мақсатында «Алтын ұрпақ» жобасы басталды. Жаңа жобада 7-сыныптың барлық ер балалары қазақ күресінің тарихын зерделеп, аптасына екі рет төл спортымыздың негізгі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Жас спортшылар республикалық шахмат, киокушинкай-кан, үстел теннисі, тоғызқұмалақ ойындарынан өткен чемпионаттардың жеңімпаздары. 2019 жылы мектептің баскетболдан ұлдар командасы желілік спартакиадының күміс жүлде иегерлері.