ОРАЛ NIS: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ҚОҢЫРАУЫ СОҒЫЛДЫ

01 қыркүйек 2024 14:52

Орал қаласы NIS-те Білім күніне орай «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын өтті.

Іс-шара мектеп қабырғасына қабылданған «Өркен» грантының иегерлері, яғни 7-сынып оқушылары және олардың кураторларының шеруімен басталды.

Мектеп директоры Айдарбек Төлепұлы ұстаздарды, зияткерлерді және ата-аналарды кезекті оқу жылымен құттықтап, өткен жылдың нәтижелері мен келер жылғы жоспарларды атап өтті. Сондай-ақ кәсіби жетістігі бар педагогтер мен жазғы демалыс кезеңінде мектеп мерейін өсірген бір топ шәкірттерді марапаттады. Өткен оқу жылын үздік бағаға аяқтаған 12-сынып оқушыларына мақтау қағаздарын табыстады.

Жиынға білім ордасының ардагер-мұғалімдері қатысты. Үлкен буын ұстаздары атынан Айғаным Хабибуллақызы сөз сөйлеп, жас буынға ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен бірге 2022 жылғы мектеп түлегі, «Елбасы медалі» және «Ерекше аттестат»иегері, Рим қаласындағы Sapienza университетінің 3-курс студенті, қазіргі уақытта шетелдік білім жобасының жетекшісі Сұлтан Қапиетов те жиынға ізгі тілегін арнай келді.

Мектеп президенті Анис Баймуканов зияткерлік мектепке қабылдау емтиханында ең жоғары ұпай жинаған, Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп-гимназиясынан келген Алмас Ғарифоллаға арнайы статуэтка табыстап, сенімін жеткізді. Аталған оқушының анасы Анаргүл Гатауова да көпшілік алдында қуанышымен бөлісті.

Салтанатты жиынды мектебіміздің «Ғажайып» би ансамблі ашса, 7-сынып оқушыларының дәстүрлі флешмобы түйіндеді.

Іс-шара сыныптарда шаңырақ сағаттарына ұласты.