КҮЙКЕН ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕ АЛҒАШҚЫ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ

27 ақпан 2024 20:34

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен «Білімнің тұрақты даму қоры» Қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасын жүзеге асыру мақсатында жасаған бірлескен жоспарының негізінде 2022 жылдың 28 қазан күні Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Күйкен жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған тағылымдама өтті. Тағылымдама мақсаты жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерімен озық тәжірибемен бөлісу, олардың әдістемелік қоржынын инновациялық әдіс-тәсілдермен байыту болды. Тағылымдама барысында мұғалімдер үшін 35 ашық сабақ және 17 семинар, тренинг ұйымдастырылды. Ашық сабақтар барысында мұғалімдер оқыту үдерісінде белсенді әдістердің, саралап оқыту мен критериалды бағалаудың қолданылуын бақыласа, семинар мен тренингтерге қатысу кезінде өзара пікір алмасып, әртүрлі қызықты тапсырмаларды орындап көрді. Күйкен мектебінің мұғалімдері Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің еңбегін жоғары бағалап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Жұмысты әрі қарай жүйелі және сапалы жоспарлау үшін ұсыныстар мен тілектерін де айтты.