Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан Республикаларының ұстаздары арасында өткен байқауда Ақтаудағы NIS ұстаздары үздік деп танылды

27 ақпан 2024 20:38

Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан Республикаларының ұстаздары арасында өткен байқауда Ақтаудағы NIS ұстаздары үздік деп танылды. Байқау Қырғыз Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының мектеп мұғалімдері арасында «Орталық Азиядағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тәсілдері арқылы тұрақты даму үшін сапалы білім беру» жобасы аясында өтті. Байқау «EdNet» білім сапасын қамтамасыз ету агенттігі, ЮНЕСКО-ның Алматы кластерлік бюросының және Эстония Үкіметінің қолдауымен өтті. Байқаудың мақсаты – мектептерде тұрақты даму үшін табысты оқу тәжірибесін насихаттау. «Тұрақты даму үшін білім берудегі озық тәжірибелер» тақырыбында Орталық Азия елдері ұстаздары арасындағы байқауда 139 мұғалімнің жұмысы қаралды. Байқау қорытындысы бойынша әр қатысушы елден 5 жеңімпаз анықталды. Қазақстан атынан қатысқан Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Анар Исмағанбетова жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ал, «Тақырыптың өзектілігі мен әлеуметтік маңызы» тақырыбындағы арнайы номинациясы Ақтаудағы Зияткерлік мектептің тарих пәні мұғалімі Гүлжанат Құрмановаға бұйырды. Жеңімпаздар 2022 жылдың 3-4 қарашасында Қырғызстанның Бішкек қаласында өтіп жатқан «Тұрақты даму үшін білім беруді ілгерілету: аймақтық перспективалар мен тәжірибелер» субөңірлік конференциясында салтанатты түрде марапатталды.