- /
- Новости /
ӘДЕБИЕТ ПЕН ҒЫЛЫМНЫҢ ТОҒЫСЫНДА: Ә.Кекілбайұлының 85 жылдығына орай пәндермен кіріктірілген сабақ
13 қараша 2024 10:00
Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына орай мектеп директорының бастамасымен облыстық тарихи-мәдени өлкетану мұражайында «Шыңырау» повесі бойынша қазақ тілі мен әдебиеті, математика және физика пәндері кіріктірілген ашық сабақ өтті.
Сабақ барысында қазақ тілі пәні бойынша жазушының тілдік ерекшеліктері, стильдік және жанрлық сипаты талданып, автордың шығармашылық тәсілдері арқылы оның позициясын түсінуге тырысты.
Математика пәні тұрғысынан «Еңсеп құдық қазғанда қанша топырақ шығарды?», «Құдыққа неше шеген тас салынды?», «Барлық шеген тастардың көлемі қандай?», «Құдыққа қанша су сияды?» деген зерттеу сұрақтары талқыланып, қазақтың дәстүрлі өлшем бірліктері (сүйем, қарыс, құлаш, аршын және т.б.) арқылы есептер шығарылды.
Физика пәнінде оқушылар «Құдық түбіндегі атмосфералық қысымды қалай анықтауға болады?», «Атмосфералық қысым дегеніміз не?», «Ол қандай жағдайда өзгеріске ұшырайды?» сияқты сұрақтарды эксперименттер арқылы зерттеп, Еңсептің құдықтағы жағдайы арқылы физикалық құбылыстарды түсінді.
Шара барысында оқушылар Әбіш Кекілбайұлының шығармасы арқылы қазақ халқының тұрмыстық өмірін, мәдениетін және дәстүрлерін терең түсінуге мүмкіндік алды.
Жантағы көп өскен жерлерде жерасты суларының болуы туралы білімдерін кеңейтіп, ауыз су мәселесін құдық қазу және бұлақ көздерін пайдалану арқылы шешу идеяларын қарастырды.
Сабақты ұйымдастырған:
қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Айтан,
математика пәнінің мұғалімі Светлана Озған,
физика пәнінің мұғалімі Анар Бердибекова.