Мектеп тарихы
Мектеп туралы
Болашақ бізден басталады!
Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылып, өз қызметін 2010 жылы бастады.
Оқу орны 2018 жылы Халықаралық мектептер кеңесінен CIS аккредиттеу сертификатын алды. 2024 жылы әлемдегі білім беру жүйесінің жоғары стандарттарын растай отырып, қайта аккредиттеуден сәтті өтті.
Мектептің миссиясы: Өмір бойы білім алуға, жаһандық және сандық әлемдегі өзгерістерге дайын, адами қасиеті жоғары, зиялы және бәсекеге қабілетті тұлғаның сәтті дамуына ықпал ету.
14 жыл ішінде мектеп пәндік олимпиадалардың халықаралық, республикалық, облыстық, желілік деңгейінде 800-ден астам жүлдегерлерді дайындады.
Олимпиадалардағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектепке бірнеше рет 2012, 2013, 2014, 2015 жылдары «Қазақстан Республикасының үздік олимпиадалық мектебі», 2016 жылы «Үздік олимпиадалық мектеп» NIS арасында атағын берді.
Талдықорған NIS оқушылары 12 жыл бойы қоғамға қызмет етуге бағытталған әлеуметтік жобаларды табысты жүзеге асыруда. Оқушылар «Айналайын» балалар үйінің, «Бәйтерек» облыстық оңалту орталығының, М.Мәметова, Е. Берлікожаұлы атындағы ауылдық мектептердің оқушыларын, нашар еститіндерге арналған облыстық интернаттың тәрбиеленушілерін қазақ және ағылшын тілдерінде оқытады.
Сонымен қатар зияткерлер өздерін белсенді еріктілер ретінде көрсетеді: паналайтын жер таппай жүрген иттерге арнап үйшіктер жасайды, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге, ардагерлерге азық-түлік себеттерімен көмектеседі, Ана мен Бала үйлеріне қолдау көрсетеді.
2010 жылдан бастап мектепті 866 түлек бітірді. Оның 200 – і Назарбаев Университетіне, 160 – ы АҚШ, Ресей, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Венгрия, Чехия, Қытайдың шетелдік жоғары оқу орындарына түсті.
Мектеп контингенті-819 оқушы, мұғалімдер саны - 111, шетелдік педагогтар саны - 3. Мектепте басқа қаладан келген оқушыларға арналған жатақхана бар.